«Арқалық қаласында әуежай ашылады» деген жаңалық Торғай өңірінің халқын, жалпы тілектес ағайынды үлкен қуанышқа бөледі. Себебі, облыс орталығынан, елордамыздан қашықта орналасқан Арқалық үшін әуе қатынасының іске қосылуы аймақтың тағы бір тынысын ашар маңызды шара екені анық. Алайда, осындай тағдыршешті тұста кейбір керітартпа ағайынның іс әрекеті көңілге кірбің түсіргені де жасырын емес.
Осы жылдың 20 наурызында «ТENGRINEWS» аталатын республикалық интернет басылымында қаламызда құрылысы қолға алынғалы жатқан әуежайдың маңыздылығына күмән келтірген мақала жарық көрді. Жазғаны оқырманның қызығушылығын тудыруы үшін «ТENGRI NEWS» сынды басылымдар, әрине, осы тектес, әртүрлі пікір тудыратын мақалаларды жариялайтыны белгілі. Ол айдан анық нәрсе. Мені толғандырып, қолыма қалам алдырған, интернет газеттің ұстанымы емес, республикалық басылымға ақылға қонымсыз сұхбат беріп, әуежай ашылады деп қуанған Торғай жұртының көңілін су сепкендей басқан, жерлес азаматтың теріс пиғылы болып тұр.
Халықтың мұңын айтқан болып, қандай да бір жұмыстың сәл кемшін тұсын көрген болса, анығына жетпестен, әлеуметтік желі арқылы әлемге жар салатын бір сүйкімсіз істі әдет қылған топтар пайда болды кейінгі толқын арасынан. Олардың ішінде айқайға сүрең қосып, атын шығаруды көксеген, халықтың сенімімен ойнап, бас пайдасы үшін әрекет ететіндер де жоқ емес.
Осы ретте, Серік ТӨЛЕКБАЕВ деген азамат та белсенді көрініп, елдің жоқтаушысы ретінде көпке танылғаны мәлім. Көңілі түссе, қарасын хан ететін халық Секеңді де төбеге көтеріп, депутат етіп сайлады. Ондағы ойлары жиын – кездесулерде шешенсіп сөйлеп, бірқатар мәселені төтесінен қоятын азаматтың елге пайдасы тиер дегендері шығар. Алайда, мақтаған қыз тойда бүлдіріп, сенген Серігіміз көңілге селкеу түсірді. Арқалыққа әуежай қажет емес деген сыңайда мәлімдеме жасап, айды аспаннан бір ақ шығарды.
Торғай өңірінің тұрғындары, Арқалықтың халқы қиындықты аз көрген жоқ. Облыс екі ашылып, екі жабылды. Тоқырау заманда екі қолға бір күрек іздеген халық амалсыздан үлкен қалаларға үдере көшті. «Арқада қыс жайлы болса, құлан ауып несі бар?!», — мұндағы тұрмыс жақсы болса, ел орынында отырар еді. Алайда, араға жылдар салып, ел еңсесі қайта көтеріле бастады. Көрем дейтін көз болса, көптеген жұмыстар қолға алынып, Арқалықтың ажары жыл санап артып келеді. Соның ішінде Торғай жұрты көптен күткен жылы леп ескен еді жуықта. Ол «Орталық – Батыс» көлік жолы құрылысының басталатыны және Арқалық әуежайының қайта қалпына келетіні жайлы жаңалық еді. Мемлекет басшысының өзі айтқан қуанышты жаңалықты естіген халық бөркін аспанға ата қуанғанын көріп, «тәубе» дестік. Осы ретте, әуе қатынасы іске қосылса, Арқалық қаласына ғана емес, тұтас Торғай өңірінің дамуына пайдасы тимесе, зияны болмасы соқырға таяқ ұстатқандай анық дүние болса да, депутатымыздың тың бастаманы құптамай, кері сөйлеп, халық арасында теріс пікір қалыптастыруға қадам жасағаны жарамады.
Сондағы депутатымыздың басылым арқылы айтар ойы «басқа да мәселелер тұрғанда әуежай ашуға қаражат жұмсаудың қажеті қанша?», «қалада жастар жоқ, пойыздың жартысы бос келеді, ұшақпен кім ұшады?», «әуежай ғимаратын қайта сатып алуға халық наразы» дегенге саяды.
Қаламызда шешімін табуы тиіс басқа да мәселелердің бар, рас. Алайда, ол Президенттің өзі айтып, жоғарыдан қаражат бөліп, әуежайды қайта салуға кедергі болмаса керек-ті. Басқа мәселелер ретімен шешімін тауып келеді, ал әуежай ашылса, өңірге инвестиция тартуға, табиғаты тылсым Торғайдың туристік әлеуетін арттыруға, жуықта ғана университет мәртебесі берілген оқу орынымызға өзге өңірден студенттердің келуіне, бәрін айт та, бірін айт, жалпы жұрттың біздің аймаққа деген оң көзқарасын қалыптастыруға себеп болары анық қой.
Қалада жастар жоқ дегені де негізсіз пікір. Төрт колледжі, бір университеті бар Арқалық – жастар қаласы, болашақтың мекені дейді тілектес жұрт. Қырық мыңға жуық тұрғыны бар Арқалықта он мыңның үстінде жастар тұратынын депутаттың білмеуі мүмкін емес.
Вагондардың жартысы бос келеді дегені де жалған. Астанаға немесе Қостанайға барарда апта бұрын қам жасамасаң, астыңғы орыннан қағыларың немесе мүлдем билетсіз қаларың анық. Мұны мен ғана емес, жолаушы жұрттың бәрі растар. Сондықтан, Секе, қам жемеңіз, пойызбен де, таксимен де, жеке көліктерімен де басқа қалаларға ағылған халық ұшаққа да мінеді. Ал, ұшақ билетінің қолжетімді болуы үшін үкімет тарапынан тиісті шаралар қабылданады деп ойлаймын.
Әуежай кезінде сатылса, қиын уақытта, ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кеткенше, біреу ие болып , сақтап қалсын, бюджетке аз да болса қаражат болсын деген ниетпен сатылған шығар. Енді сатып алып жатса, әуежайға ыңғайлы, ұшу – қону алаңының негізі бар жер болғасын қабылданған шешім болар. Мұны мәселе етіп көтеру де — тырнақ астынан кір іздеу деп білемін.
Өткен жылы қала тұрғындары мен қонақтардың сүйікті демалыс орынына айналған саябақты, қаланың ортасындағы су арнамызды тазартып керек емес, оған бөлінген ақшаға көп қабатты үй салу қажет, орталық «Наурыз» алаңына да тас төсеніш төсеп те керегі жоқ дедіңіз. Бұл сөзіңізбен, депутат бола тұра бюджеттің құрылымын білмейтініңізді көрсеттіңіз. Аталған іс шаралар мен құрылысқа облыс, республика бюджетінен арнаулы, атаулы қаражат бөлінгенін қалай түсінбедіңіз?!
Жалпы өзіңіз және қасыңыздағы белсендісымақ топ халыққа, елге, билікке қарсы керітартпа жұмыстар жүргізудесіздер. Былайша қалаға жанашырлық танытпай ақ қойсаңыздар да болады.
Сендерге ағалық, үлкендік ақылдарын айтқан қаланың, өңірдің құрметті ақсақалдарын әлеуметтік желі арқылы «төпли жалағыштар» деп мазақ қылдыңдар. Қайта қайта ішкі істер басқармасына «бізді қорқытты» деп байбалам салып, арыз бердіңдер, арыздарың дәлелсіз болып, іс бірнеше рет қысқартылды.
Ақсақалдар сіздің және белсенді болып жүрген топтың жеке бастарын ойлап, қоғамға жасап жатқан бұзушылық әрекеттеріңді тексеруді сұрап, прокуратураға жүгінгенде тағы да «Арқалықтың арсыз шалдары» деп фейсбук желісі арқылы алдыңғы толқын өкілдерінің абыройына нұқсан келтірдің. Осы істеп жүрген істерің елдің бірлігін арттырмай, берекесін қашырғанын ұғынатын уақыт болды.
Сөзімді түйіндей келе айтарым, дамуы сәл кешеуілдеп қалған Торғай өңіріне мемлекет көңіл бөліп, «әуе қатынасын қалпына келтірем, тоғыз жолдың торабына айналдырамын» деп отырғанда, ел сенген азаматтардың ақылға қонымсыз пікір айтып, оны ақпарат құралдары арқылы елге таратуы елдігімізге сын. «Өз өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дейміз ғой, қырықпышақ болғанша, бірлігімізді танытып, кешегі Алаш зиялылары туған киелі мекеннің текті ұрпағы екенімізді танытайық. Бірлігі бекем елге — бақыт ұялайды. Осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, елге инвестиция тартуға, көшіп келушілердің көбейіп, халық санының артуына жұмыс жасайық. Сөйте келе, кемеліне жеткенде облысымыздың қайта ашылуын сұрайық. Осылайша, өмірден түйгенімізді, мол тәжірибемізді, күш — қуатымызды ел игілігіне жаратайық. Бес күн дүниеде бет жыртыспай, халыққа жасаған қызметіміз арқылы жинаған азды – көпті абыроймызды айрандай төкпей, «аға» деген атқа лайық ғұмыр кешейік. Сонда ғана, ұрпағымыз ұялмайтындай, кейінгі толқынға үлгі боларлықтай өмір сүрген болармыз!
Қаратай НҰРМАНОВ,
Арқалық қаласының
байырғы тұрғыны
PS: Мақала авторының пікірі оның жеке көзқарасын білдіреді және редакцияның ұстанымымен сәйкес келмеуі мүмкін. Біз әртүрлі пікірлерге ашықпыз және өзекті мәселелерді талқылауға әрдайым дайынбыз.