Мен Баймұрза Гүлім Дастанқызы 6В01513-Информатика АКТ және робототехника білім беру бағдарламасының 4-курс студентімін, және Жайдарман сахнасына алғаш рет 1-курстан бастап шықтым. Сол уақыттан бері бұл өнер менің өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды.

Көпшілік «информатика мен әзілдің қандай байланысы бар?» деп сұрап жатады. Менің ойымша, бұл екі бағыт бір-біріне өте жақын. Информатикада логикалық ойлау, жүйелілік, дәлдік қажет болса, Жайдарманда да әзілді дұрыс құрастырып, оны дер кезінде жеткізу үшін ұшқыр ой мен тапқырлық керек. Кейде біз әзілді құрастырғанда оны бағдарламалау сияқты кезең-кезеңімен ойластырамыз. Әрбір сәтті шыққан қалжың – дұрыс құрылған «алгоритмнің» нәтижесі.

Жайдарман – әзіл мен тапқырлыққа, сондай-ақ сахналық мәдениет пен шығармашылыққа негізделген республикалық жастар ойыны. Бұл жоба қарапайым әзіл-сықақ сайысынан әлдеқайда кең мағынаға ие: ол қатысушылардың ойлау қабілетін, сөз мәдениетін дамытып, ұлттық құндылықтарды көркем юмор арқылы насихаттайтын бірегей өнер кеңістігі. Сонымен қатар, Жайдарман жастарға сахнада өзін еркін ұстауға, актерлік шеберлігін шыңдауға және креативті ойлауын жетілдіруге мол мүмкіндік береді.

Жайдарман маған тек сахнада өнер көрсетуді ғана емес, өмірлік маңызды дағдыларды да үйретті. Мен еркін сөйлеуді, өз ойымды нақты жеткізуді, көпшілік алдында сенімді болуды осы ортада үйрендім. Сонымен қатар, командамен жұмыс істеу, жауапкершілік алу, уақытты тиімді пайдалану сияқты қасиеттерім де дамыды.

Әрине, оқу мен Жайдарманды қатар алып жүру оңай емес. Бірақ дұрыс жоспарлап, мақсат қоя білсең, бәріне үлгеруге болады. Мен үшін білім – басты орында. Себебі болашақта білікті IT маманы болуды мақсат етемін. Ал Жайдарман – менің шығармашылығымды дамытып, жан-жақты тұлға болып қалыптасуыма көмектесетін ерекше алаң. Әр курсқа қатысқан сайыстарым мен олардан алған жүлделеріме жеке тоқталып өтсем:

1 курста-Рудный қаласының әкімінің кубогы 2-орын, Stend UP тан 1-орын, Рудный қалалық орысша  КТК ойыны 2-орын, 2-курс Факультет аралық “Алтынсарин кубогы” жайдарман ойыны 1-орын, 2023-жылдың 21-қыркүйегінде қалалық, Жасөспірімдер театрында аймақтық Арқалық Ашық, Лигасының, ФИНАЛДЫҚ ойындарында 1-орын,Торғай өңірлік жайдарман ойыны 1-орын, 2023 жылдың 21-қазаны күні Торғай ауылы «Н. Ахметбеков атындағы мәдениет үйі Республика күні» қарсаңында Аймақтық, «JAIDARMAN TOP» лигасы аясында «SOILE STAND UP» ойындарынан 1-орын, Астана эфирі бар Республикалық маусымашар ойыны аясында «ALMATAY CUP» қыздар кубогынде жақсы өнер көрсетіп, 2-турга өттік, Гала концерт 270 командадан 6 команда іріктеліп маусымашарды қорытындылайтын ойында өнер көрсеттік. Республикалық Қарағанды Бірінші лигасы 1-орын, Қостанай облыстық “Super Liga” жайдарман ойыны финалист, Амангелді әкімінің кубогі 2-орын, 3-курс Республикалық «ҰЛТТЫҚ ЛИГА» 1/8,1/4,1/2 ойындарында жоғары деңгейде өнер көрсеттік. Сәлемдесу, үй тапсырмасы, сұрақ жауап секілді сайыстарға қатыстық, телевизиялық «Хабар», «Ел Арна» арналарының Youtobe платформасына түсірілді, 4-курс Түркістан қаласында республикалық, әрі телевизиялық «ҰЛТТЫҚ ЛИГА» Жайдарман ойынындарының 1/8 ширек финалында өнер көрсеттік. Бұл дода еліміздің әр өңірінен жиналған ең үздік әрі креативті жайдарманшылардың басын қосатын, тартысқа толы ірі сайыс болып саналады. Сахнада заманауи әзіл мен ұлттық нақышты үйлестіре отырып, қаламыздың рухын, жастарының тапқырлығы мен шығармашылық әлеуетін жоғары деңгейде көрсету – әрбір команда үшін үлкен жауапкершілікпен қатар, үлкен мәртебе болып есептеледі. 27 командадан 17 команда 1/4 финалға жолдама алды,сол командалардың ішінде бізде топ жарып 1/4 ширек финалға жолдама алдық.

Жайдарман маған жаңа достар тауып, түрлі қалаларды аралап, үлкен сахналарда өнер көрсетуге мүмкіндік берді. Әрбір ойын – мен үшін жаңа тәжірибе, жаңа сабақ. Жеңіс те, жеңіліс те адамды шыңдайтынын осы жолда түсіндім. Осындай мүмкіндіктер мені одан әрі дамуға, өз-өзімді жетілдіруге ынталандырады.

Мен болашақ талапкерлерге айтар едім: мамандық таңдаудан қорықпаңыздар, өздеріңізге ұнайтын бағытты таңдаңыздар. Университет – тек білім алатын орын ғана емес, өз қабілетіңізді ашатын, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын орта. Сабақпен қатар, түрлі шығармашылық және қоғамдық жұмыстарға қатысыңыздар. Себебі дәл сол ортада сіз өзіңізді табасыз.

Мен үшін Жайдарман мен оқу – бір-бірін толықтыратын екі бағыт. Осы жолда жинаған тәжірибем болашақта маған үлкен пайдасын тигізетініне сенімдімін.

Мен Алматы қаласына қарасты Еңбекшіқазақ ауданы, Алға ауылы жерінде дүниеге келдім. Cол жерден мектепті аяқтадым. Мектеп кезінен белсенді болып, үлкен сахнаға шығып, теледидардан өзімді көруді армандадым. Арқалық қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогикалық университетке оқуға түсіп, сол арманымды жүзеге асырдым. Рақмет саған АРҚАЛЫҚ, рақмет саған ALTYNSARIN UNIVERSITY!!!

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *